Доллардың қымбаттауы: депозиттегі қаржыны қалай сақтаған дұрыс
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде соңғы күндері доллар бағамы 500 теңге межесіне таяп жығылып тұр. Теңге құнының төмендеуі жағдайында депозитте ақшасы бар адамдар қалай әрекет еткені жөн. Осы жайды экономист Мақсат Халықтан сұрап көрген едік.
«Қазір көптеген сарапшылар депозиттегі ақшаны теңгеден ауыстырмаған жөн деп санайды. Өйткені теңгенің кірістілігі жоғары. Жоқ дегенде 14 пайыз, жоғары дегенде 17 пайызға дейін депозиттік кірістілік бар. Ал доллардікі — 1-ақ пайыздық кірістілік. Көріп отырғаныңыздай, ақшаны доллармен ұстау тиімсіз. Сондықтан да көптеген сарапшылар ақшаны теңгемен ұстауға кеңес береді. Ал мен өз басым алтын әріптермен жазылған қаржыгердің заңына жүгінем. Ол «бүкіл қаражатты бір жерде ұстамаңыз, қаражатты әрқашан бөліп, бірнеше ұяшықта, бірнеше валютада ұстаңыз» дейді. Яғни, бәрін теңгемен немесе бәрін доллармен ұстау дұрыс емес. Негізі, долларды бұған дейін, бағасы 440 теңге болып тұрған кезде сатып алып қойған болса, бүгін ондай адамдар еркін отыратын еді. Дейтұрғанмен қазірдің өзінде барлық қаражат теңгемен тұрса, біраз бөлігін доллар қылып қоюға болады. Оның нақты пайыздық көрсеткіші депозиттің табыстық көрсеткішіне байланысты анықталады. Мәселен, үш валютаға — 40%-ын доллармен, 30%-ын теңгемен, 30%-ын еуромен деген сияқты реттілікпен бөліп сақтауға болады. Бұл қатып қалған қағида емес. Қайсысына көбірек табыс түсіп тұрады, соған көбірек басымдық берсе, ол адам ұтылмайды. Доллар мен теңгенің бірінің бағамы ауытқып жатса да, ол адам өзге валютада қаржысы болғандықтан қатты алаңдамайды. Сондықтан осындай әдіс-тәсілдерді қолдану керек», — дейді экономист Kazinform тілшісіне берген жауабында.
Сондай-ақ, сарапшы қаржыны тек валютада ұстау да теріс екенін ескертті.
«Қаржыны тек валютада ұстау да, тек депозитте ұстау да дұрыс емес. Қор нарығындағы акция, облигацияларды алып қою керек. Артық ақшасы болса, алтын да алған жөн. Осындай ақша-қаражаттарды ұлғайтудың баламалы көздерін де пайдаланған дұрыс», — деді ол.
Одан бөлек, Мақсат Халық осындай қаржы нарығындағы құбылмалы кезеңде халық қандай ұстанымда болса, ұтылмайтынын айтты.
«Негізінде, валютаның құнсыздануы секілді үрдістер әдетте қысқамерзімді болады. Сондай уақытты алыпсатарлар жақсы пайдаланады. Алыпсатарлар деген сондай бір қорқынышты адамдар емес. Ол да нарықтың бір бөлшегі. Дейтұрғанмен, олардың асыра сілтеп, тым агрессивті әрекет етуінің халыққа зардабы болуы мүмкін. Өйткені көптеген адамдар қымбаттау үдерісі ең шарықтау шегіне жеткен сәтінде доллар сатып алады. Ондай кезде ол азаматтар керісінше ұтылып қалуы ықтимал. Осындай кезде қаржыгерлердің «бәрі сатып жатқан кезде сатпаңыз, бәрі сатып алып жатқан кезде сатып алмаңыз» деген айнымас заңына жүгінген жөн. Себебі бұл екі жағдайда да адам ұтылып қалады. Әліптің артын бағып, ақыл-парасатқа негізделген салқынқанды шешім қабылдау керек. Ақша қаражаттары эмоциялық шешімді мүлдем ұнатпайды», — дейді экономист.
Бүгін KASE қор нарығындағы күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллар қайта қымбаттап, 498,34 теңгеге жетті.
Бұған дейін Ұлттық банк валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу үшін интервенция жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Одан бөлек, валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізілетін болды. ҚР Үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық банктің бұйрығы жақын күндері қабылданады.