Домбыраны харам деген ақтөбелік бас бостандығынан айырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Сотталушы Азат Қоныс Қылмыстық кодекстің «Діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айыпты деп танылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қалалық сотында 35 жастағы сотталушы Азат Қонысқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылды. Жарыссөз кезінде прокурор сотталушының қоғам үшін қауіпті ой айтқанын, діни, ұлттық алауыздықты қоздырғанын айтып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Тікелей эфир кезінде ұлттық, діни алауыздықты қоздыру мақсатында қазақтың екі ішекті аспабы домбыраны ер адамның мүшесіне теңеді. Сонымен бірге А.Қоныс тікелей эфир кезінде Тикток әлеуметтік желісі арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын «тозақтың иттері» деп атап, жануарға теңеді. А.Қоныс Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-тармағы бойынша құқықбұзушылық жасады. Сот талқылауы кезінде сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындады,- деді прокурор Мадина Тасмағамбетова.

Сот жарыссөзінде сотталушы Азат Қоныс өзіне тағылған айыпты мойындады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Мен өз ісіме өкінемін. Тікелей эфир кезінде «домбыра - ібілістің мүшесі», «діни басқарма имамдары - тозақтың иттері» деп айтқанымды мойындаймын. Бәрінен, қазақ елінен кешірім сұраймын. Бас бостандығынан айырмауды, тек шектеу жазасын беруді сұраймын,- деді сотталушы жарыссөзде және соңғы сөзінде.

Сот сотталушы Азат Қонысқа бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

- Азат Қоныс Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігімен айыпты деп талынып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін, - деді судья Ж.Қайболдин.

Еске салсақ, әлеуметтік желідегі видеодан соң сотталушының жеке басы анықталып, ұсталды. Бірден уақытша ұстау изоляторына қамалды.