Домбыра менің серігіме айналды – Денис Яковлев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Домбыра менің серігіме айналды. ҚР Ұлттық ұланының ән-би ансамблінде қызмет ететін Денис Яковлев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысы Аманқарағай ауылында кіндік қаны тамған Денис Яковлев мектеп қабырғасында-ақ ән салып жүретін.

«Отан Ана» оның сүйікті әні-тін. Оқушы кезінде тіпті аймақтық байқауларға қатысты. Дегенмен мектеп бітіргеннен кейін теміржолшы мамандығына оқуға түсті, қосымша ойын автоматтары залында күзетші болды.

Сосын әскери қызметте болды. Онда да ән салуын қойған жоқ. Әсіресе, қазақ тілінде.

-Мен азаматтық борышымды өтеумен бірге музыкаға бет бұрдым. Ұлттық ұланның ән-би ансамблімен бірге сахнаға шығуды армандадым. Олармен амандасудың өзі мағат бақыт еді, - деп еске алады Денис.

Дегенмен ансамбль қатарына ілігу оңай болған жоқ. Оған ротада қызмет ету керек еді. Денисті бұл бағытынан қайтаруға тырысты, бірақ ол өз таңдауын жасап, талпына берді. Ақыры ансамбльдегілер мұны байқап, өздеріне шақырды. Ол кезде ансамбль бастығы полковник Рахметжан Шамұратов еді. Ол жас жігіттің мүмкіндігін бағалай білді. Мерзімді әскери борышын өтегеннен кейін Денис келісімшартпен ансамбльде қалды, содан бері одан ажыраған емес.


Бірде ансамбль «Топжарған» телевизиялық музыка жобасына дайындалды. Ұйымдастырушылар «Денис домбыра тарта біле ме?» деп сұрады. Оған дейін Денис бұл аспапта ойнап көрген емес. Достары «Екі жирен» әнінің сазын көрсетті. Ол сабақты бейнетаспаға жазып алып, қайталап үйренді. Сөйтіп ол аталмыш жобаның финалына шықты, бұл сарбазды қанаттандыра түсті.

-Менің ансамбльдегі досым Асхат Таушев бәріне үйретті. Ала таңнан түнге дейін музыкамен айналысатынбыз. Тіпті қыста автобус күтіп тұрсақ та, ол опера өнері жөнінде әңгімелейтін. Түрлі таспаны көрсететін. Оған дейін операны тыңдап, түсініп көрген емес едім, - дейді өз әңгімесінде Д.Яковлев.

Асхат Таушев шынында да тамаша тәлімгер еді. Ол қандай ма болсын жағдайға қарамастан, күн сайын музыкамен айналысуды Денистің дағдысына айналдырды. Денистің тіпті күнделікті тәртібі де өзгерді.

-Мен өте тәртіпті боламын деп шештім. Таңмен сағат 05.30-да тұрып, өзен жағалауымен жүгіре бастадым, - дейді ол.

Денистің бұл әдеті бейтаныс адамның өмірін сақтап қалуға жәрдемдесті. Таңмен осындай жаттығу кезінде Дениске ер адам жүгіріп келіп, өзенде біреудің қалқып жүргенін айтты.

-Біз жүгіріп келсек, өзен ортасында біреудің басы көрінеді. Тірі екен, шық деп айқайласақ, үндемейді, - деп еске алады музыкант.

Бұл 2018 жыл еді. С.Сейфуллин көшесі басында мешіт қасында өзеннен өтетін жалпақ темір тұрба жататын. Адамдар жол қысқартып, кейде соның үстімен өтетін. Ер адам да сонымен өтем деп, аяғы тайып кеткен болуы керек.

-Бір әжей таяғын берді. Таяқты ер адамға ұсынып едім. Аяқ-қолы құрысып қалған екен. Жедел жәрдем шақыруға уақыт жоқ. Сосын қалтамда ұялы телефоным болса да, суға сүңгіп кетіп, ер адамды алып шықтым. Ол өзіне келгеннен кейін темекі сұрады. Мен тартпайтынымды айттым. Сосын оны жедел жәрдем көлігі алып кетті де, содан оны көрген жоқпын, - дейді Денис.

Бұл оқиға Ұлттық ұланға белгілі болды. Осы әрекеті үшін Д.Яковлев «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қазіргі кезде Д.Яковлев ансамбльдегі қызметін жалғастыруда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ағайынды егіздердің Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүргенін жазған болатынбыз.