Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы мазмұнды әңгіме өрбіткенін мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Трамптың айтуынша, әңгіме барысында тараптар қазіргі қақтығыстарды реттеудің маңызын, сондай-ақ елдер арасындағы сауда мен ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған.
Сонымен қатар АҚШ Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты келесі жылы Майами қаласында өтетін G20 саммитіне қатысуға шақыру ниетін білдірді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескені хабарланды. Мемлекет басшысы Америка президентін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Бұл екіжақты қарым-қатынастағы тарихи уақиға болатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар АҚШ президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебізін білдіріп, Мемлекет басшысына сый-сыяпат жолдағаны белгілі болды.