Дональд Трампқа Иллинойс штатындағы праймеризге қатысуға тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбіде Иллинойс штатының судьясы АҚШ-тың Капитолийін басып алу оқиғасын алға тартып, республикалық партияның бастапқы сайлауында бұрынғы президент Дональд Трампты штаттың негізгі сайлау бюллетенінен алып тастау керек деп шешті.

Фото: Бауржан Жуасбаев

Шешімді Кук округінің аймақтық соты шығарды. Иллинойстағы праймериз 19 наурызға жоспарланған.

Судья Трейси Портердің қаулысында жазылғандай, 2021 жылғы 6 қаңтардағы көтеріліске қатысуына байланысты оның есімі дауыс беру бюллетенінен алынып тасталуы керек.

Трамптың сайлауалды штабы бұл шешімді сынға алды, оны «конституцияға қайшы» деп санайды және оған шағымдануға ниетті. Судья Портер сондай-ақ Демократиялық партияның мүшесі болғандықтан шешімін біржақты шығарды деп айыпталды.

Иллинойс - Дональд Трамптың бастапқы сайлауға қатысуына тыйым салған үшінші штат. Бұған дейін осындай қаулылар Колорадо мен Мэн штаттарында шығарылған.

Әрбір жағдайда Конституцияның 14-ші тармағына сілтеме жасалды, оған сәйкес Конституцияға ант берген және «бүлікпен айналысқан» адам мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Онда бұл ереженің президенттерге қатысы бар-жоғы көрсетілмеген.

Кук округіне Чикаго қаласы кіреді, ол – Иллинойс штатындағы халық ең көп қоныстанған аймақ.

АҚШ-тағы сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген. Дональд Трамп Невада, Айова, Нью-Гэмпшир және Виргин аралдарында өткен ішкі партиялық сайлауда сенімді түрде жеңіске жетті. Кеше АҚШ президенті Джо Байден мен Трамптың Мичигандағы праймеризде жеңіске жеткені белгілі болды.