Дональд Трамптың балалық шағы өткен үй 2,3 миллион долларға бағаланды
АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамптың 4 жасқа дейін тұрған үйі сатылымға шығарылды. Баспана Нью-Йорктің беделді Jamaica Estates ауданында орналасқан, деп хабарлайды The Wall Street Journal.
Тюдор үлгісіндегі 5 бөлмелі зәулім үйді 1940 жылы Дональд Трамптың әкесі салған. Оның ауданы — 232 шаршы метр. Трамп отбасы көшіп кеткеннен кейін бұл баспананың бірнеше иесі болған.
Дереккөздің айтуынша, соңғы иесі жылжымайтын мүлікті жалға берген, алайда бұл айтарлықтай табыс әкелмеді. Биыл үйді әзірлеуші Томми Лин 835 000 долларға сатып алды.
Оның айтуынша, баспана тұруға жарамсыз күйге жеткен. Ғимарат су мен электр қуатынан ажыраған. Салдарынан құбыр жарылып, жертөле мен шатырды зең басып кеткен.
Шамамен 500 000 доллар тұратын күрделі жөндеуден кейін жалпы инвестиция 1,3 миллион доллардан асты. Лин қазір үйді 2,3 миллион долларға сатуға қойды. Жалпы Jamaica Estates аймағындағы баспаналардың орташа бағасы 1,5 миллион доллар шамасында.
Еске салайық, қазан айында Дональд Трамп Ақ үйдегі жаңа балл залына өз атын беруі мүмкін екені айтылды.