ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Маякпен» (Краснотурьинск) екінші кездесуін өткізді.
Кеше қарсыласын 10:2 есебімен ұтқан оралдықтар бүгін де шеберлігінің басым екендігін таныта білді.
Бұл жолы Николай Шавалдиннің шәкірттері 5:1 есебімен «Маяктың» мысын басты.
«Ақжайықтан» Максим Пахомов қос голдың авторы атанса, Ершат Амангелдиев, Рауан Исалиев, Максим Өтебалиев бір-бірден көзге түсті.
«Маяктан» Артем Самойлов жалғыз доппен жауап қайырды.
Осылайша, қатарынан 14 матчта жеңіске жеткен батысқазақстандық клуб екінші топта 51 ұпаймен көш бастады.
«Ақжайық» өз айдынындағы соңғы кездесулерін 7-8 ақпанда «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» ресейлік командадан ірі есеппен есе қайырғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).