Допты хоккей: «Ақжайық» ресейлік командадан ірі есеппен есе қайырды

ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайық» өз айдынында «Маяк» (Краснотурьинск) командасын қабылдады.

Допты хоккей
Фото: sc_akzhayik_07/ instagram.com

Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдықтар өз тобында екінші орында тұрса, краснотурьинскілік клуб үшінші сатыда еді.

Өткен жылы 16 желтоқсанда «Ақжайық» Краснотурьинскіде алғашқы ойында «Маякты» 4:3 есебімен ұтса, бір күннен кейін 4:10 есебімен жеңіліп қалған еді.

Содан бері қатарынан 12 матчта жеңіске жеткен батысқазақстандық клуб бүгінгі матчта да іркілмеді. «Маякты» 10:2 есебімен тізе бүктіріп, есе қайтарды.

«Ақжайықтан» команда сұрмергені Максим Пахомов 7 голдың авторы атанса, «Маяк» қақпасына Артем Лапшин, Максим Өтебалиев, Самат Аманшин бір-бірден доп енгізді. Сондай-ақ Рауан Исалиевтің 7 рет нәтижелі пас бергенін атап өткен жөн. 

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» орынборлық команданы 17:0 есебімен ұтқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар