ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Волга-Черемшан» (Ульяновск) командасымен екінші ойынын өткізді.
Бұл «Ақжайықтың» осы маусымдағы өз айдынындағы соңғы кездесуі еді. Осыған дейін қатарынан жеті рет жеңіске жеткен Николай Шавалдиннің шәкірттері бұл жолы да жанкүйерлер сенімінен шыға білді.
Ресейлік сұрмерген Максим Пахомов білгенінен жаңылмай, қарсылас қақпасына 6 доп тоғытты. Тағы бір ресейлік Артем Лапшин хет-триктің авторы атанса, тәжірибелі ойыншылардың бірі Самат Аманшин екі гол соқты. «Волга-Черемшаннан» Иван Яковлеп 2, Данила Арапов 1 доп енгізе алды. Қорытынды есеп – 11:3, «Ақжайықтың» пайдасында.
Батысқазақстандықтар 54 ұпаймен екінші топта бұрынғыша жеке-дара көш бастап келеді. Оралдық клуб қалған алты матчын сырт айдында өткізеді. «Ақжайық» 19-20 ақпанда Краснотурьинскіде негізгі қарсыластарының бірі – «Маякпен» ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» тағы бір қарсыласын ұтқанын болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).