ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Знамя-Удмуртияны» (Воткинск) қабылдады.
Бірінші таймда 3:1 есебімен оралдықтар басым түссе, екіншісінде командалар бес-бестен гол соқты. Осылайша «Ақжайық» 8:6 есебімен қарсыласынан басым түсті.
Максим Пахомов 4 голдың авторы атанса, Рауан Исалиев екі рет мергендігімен көзге түсіп, 3 нәтижелі пас берді. Артем Лапшин мен команда капитаны Максим Өтебалиев бір-бір доптан өз еншілеріне жазды.
Ертең Николай Шавалдиннің шәкірттері осы маусымдағы Оралдағы соңғы ойынын өткізеді.
Қазіргі кезде «Ақжайық» 54 ұпаймен екінші топта көш бастап тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың»» қатарынан 14 матчта жеңіске жеткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).