Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Ресейдің Воткинск қаласында «Знамя-Удмуртия» командасымен екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды Kazinform .
Бірінші таймда қос команда терезесі тең өнер көрсетіп, 4:4 есебімен аяқталды.
Екінші кезеңде айдын иелері күш алып кетті. Қорытынды есеп – 7:5, «Знамя-Удмуртияның» пайдасында.
«Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Михаил Пахомов қос голдың авторы атанды. Сондай-ақ команданың капитаны Максим Өтебалиев, Нұрбол Бөкешов және Самат Аманшин «Знамя-Удмуртия» қақпасына бір-бір доптан енгізді.
Екінші топта 12 ұпаймен бесінші орында келе жатқан Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін 14-15 қаңтарда өз айдынында осы клубпен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» тартысты матчта қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).