Допты хоккей: «Ақжайықтың» шабуылшысы жоғары лигада ең сұрмерген ойыншы атанды
ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста топтағы ойындар мәресіне жетті.
Жоғары лигада 23 команда барлығы үш топқа бөлінген.
Солардың арасынан «Ақжайықтың» шабуылшысы, ресейлік Максим Пахомов 28 ойында 79 гол соғып, 32 нәтижелі пас беріп (екеуін қосқанда — 111), басқалардан әлдеқайда озып кетті.
«Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев 36 гол, 37 паспен (73 ұпай) мергендер көшінде екінші орынға көтерілді.
«Никельщик» (Верхний Уфалей) клубынан Артем Самойлов 57 гол, 12 паспен (69) үшінші орынға ие болды.
Оралдық клубтың тағы бір ойыншысы, ресейлік Артем Лапшиннің көрсеткіші де жаман емес, оның есебінде 42 ұпай (30 гол, 12 пас) бар.
Николай Шавалдиннің шәкірттері 28 ақпанда Верхний Уфалейде «Никельщикпен» соңғы ойынын өткізіп, 3:7 есебімен есе жіберді. Соған қарамастан, екінші топта 54 ұпаймен үздік үштікке ілікті.
Енді батысқазақстандық клуб наурыз айында Иркутск қаласында өтетін финалдық сайыстарға қатысады. Онда 12 үздік команда бақ сынайды. Солардың ішінде ең озық шыққан екеуі суперлигаға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» финалдық сайыстарға жолдама алғанын жазған едік.