Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» финалдық сайыстарға жолдама алды
ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» Верхний Уфалей қаласында жергілікті «Никельщикпен» кездесті.
Екінші топта айдын иелері көш бастаса, оралдықтар үздік үштікті түйіндеп тұр.
«Никельщик» тартысты ойында 5:3 есебімен басым түсіп, жалпы ұпай санын 59-ға жеткізді.
«Ақжайықтан» Максим Пахомов екі голдың авторы атанса, тағы бір доп Артем Лапшиннің еншісінде.
28 ақпан күні қос команда өз тобындағы соңғы матчтарын өткізеді.
Қазіргі кезде «Ақжайықтың» қоржынында 54 ұпай бар.
«Біздің топтан төрт команда финалға жолдама алады. „Ақжайыққа“ кемінде үшінші орын бұйыратыны анық. Сондықтан 4-14 наурыз аралығында Иркутск қаласында өтетін финалдық сайыстарға қатысып, жоғары лиганың үздік командаларымен сынға түсетін боламыз», деді «Kazinform» тілшісіне «Ақжайықтың» бас бапкері Николай Шавалдин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» тартысты матчта қарсыласына жол бергенін жазған едік.