Допты хоккей: «Ақжайық» тартысты матчта қарсыласына жол берді
ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Первоуральскіде «СКА-Уральский трубник-2» (Екатеринбург) командасымен екінші кездесуін өткізді.
Кеше алғашқы ойында айдын иелері 5:3 есебімен басым түскен болатын.
Онда «Ақжайықтан» команда сұрмергені Максим Пахомов қос голдың авторы атанса, тағы бір допты Артем Лапшин өз есебіне жазды.
Бүгін бірінші таймда «СКА-Уральский трубник-2» командасы қарқынды ойнап, 4:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін оралдықтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, сәттілік жетіспеді. Қорытынды есеп – 6:5, ресейлік клубтың пайдасында. «Ақжайықтан» тағы да М.Пахомов пен А.Лапшин екі-екіден гол соқса, Нұрбол Бөкешов те айдыннан құр кеткен жоқ.
Осылайша, оралдық Николай Шавалдиннің шәкірттері сырт айдындағы соңғы төрт кездесуінде де жеңіліп қалды.
Турнир кестесінде «Никельщик» (Верхний Уфалей) 56 ұпаймен көш басына шықса, «Ақжайық» (54 ұпай) әзірге екінші сатыда тұр.
Батысқазақстандықтар биылғы маусымдағы қорытынды матчтарын 27-28 ақпанда Верхний Уфалейде «Никельщикпен» өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» сегіз жеңістен кейін қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.