ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста екінші топта өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымдағы алғашқы ойынын Воткинскіде жергілікті «Знамя-Удмуртиямен» өткізді.
Батысқазақстандықтар матч барысында ойын тізгінін қолына ала білді.
Бірінші таймда командаға биыл оралған Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиевтің пасынан кейін ресейлік Максим Пахомов есеп ашты.
Екінші кезеңде команда капитаны Максим Өтебалиевтің пасын Р.Исалиев мүлтіксіз пайдаланды.
Содан кейін М.Пахомов екі рет мергендік танытып, есепті 4:0-ге жеткізді.
Осыған дейін Николай Шавалдиннің шәкірттері Воткинскіде жеңіске жете алмай жүрген еді. Бұл жолы сол олқылықтың орнын толтырды.
Жұма күні қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» алғашқы кездесулерін сырт айдында өткізетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).