ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» үшінші топта қатарынан екінші рет жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жолы оралдықтар Первоуральскіде «СКА-Свердловск» командасымен айдынға шықты.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Дамир Қалақовтың мәлім еткеніндей, ойын аса тартысты өтті.
Қонақтар сапынан ресейлік Максим Пахомов екі доп соғып, биылғы маусымдағы гол санын 9-ға жеткізді. Ресейлік Сергей Башаев пен Орал допты хоккейінің түлегі Андрей Гущин де бір-бір голдың авторы атанды.
Ең соңында тағы бір ресейлік Александр Слугин мергендік танытып, оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері жеңісті жұлып алды. Есеп - 5:4.
Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Осылайша үш ойыннан 6 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында алдыңғы қатарда келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).