ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» кезекті ойынын Қазанда «Динамо-Қазан-2» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ракета» стадионындағы матч тартысты өрбіді.
Бірінші таймда алдымен «Ақжайық» құрамындағы ресейлік легионер Сергей Башаев бұрыштамадан берілген доптан кейін есеп ашса, айдын иелерінен Данила Ахмадеев таразы басын теңестірді.
Ойынның екінші кезеңінде С.Башаев есепті 2:1-ге жеткізсе, тағы бір ресейлік Артем Лапшин оны еселей түсті – 3:1. Оған қоса команданың сұрмергені Максим Пахомов 12 метрлік айып нүктесінен мүлт кеткен жоқ – 4:1. Бұл оның биылғы маусымдағы 32-інші голы еді. Бұдан кейін қазандық командадан Д.Ахмадеев көзге түсіп, есепті қысқарта алды – 2:4.
Осылайша қатарынан жетінші кездесуінде жеңіске жеткен «Ақжайық» екінші топта 25 ұпаймен үшінші орында келеді.
Қос команда ертең екінші матчын өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» кезекті жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).