ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Динамо-Қазан-2» клубын ойсырата ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл - Николай Шавалдин шәкірттерінің 2019-2020 жылғы маусымдағы «Жастар» стадионындағы алғашқы кездесуі еді.
«Ақжайық» сапындағы ресейлік легионер Максим Пахомов ерекше көзге түсіп, төрт голдың авторы атанды. Тағы бір ресейлік Александр Штеле мен Петр Грибанов қарсыластар қақпасына қос-қостан доп енгізді. 85-минутта Ершат Амангелдиев матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 9:0. Самат Аманшин де әріптестеріне үш мәрте нәтижелі пас шығарып берді.
Ертең командалар екінші кездесуін өткізеді.
Осы бәсекеден кейін 7 ұпай жинаған оралдықтар екінші топта қазандықтарды басып озып, алтыншы орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден Қазақстан жастар құрамасының әлем чемпионатында бақ сынағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).