ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Орынбордың «Локомотивін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жастар» стадионында өткен кездесуде оралдықтар қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады.
Николай Шавалдиннің шәкірттері бірінші таймда 3:1 есебімен басымдылық танытса, ойынның екінші кезеңінде қарқынын одан сайын үдетіп, жауапсыз сегіз доп соқты. Қорытынды есеп - 11:1.
«Ақжайық» хоккейшілерінен, әсіресе, ресейлік легионер Максим Пахомов төрт голдың авторы атанып, ерекше көзге түсті.
Осы ойыннан кейін 15 ұпай жинаған батысқазақстандық клуб екінші топта бесінші орында келеді.
Қос команда ертең екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Швецияның Венерсборг қаласында өтетін әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасының негізін «Ақжайық» ойыншылары құрайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).