Допты хоккей: Ұлттық құраманың негізін «Ақжайық» ойыншылары құрап отыр
«Ақжайық» спорт клубы директорының міндетін атқарушы Армат Меңдешевтің айтуынша, биыл отыз тоғызыншы рет өтетін әлемдік додаға қазақстандықтар алғаш рет легионерсіз аттанғалы отыр.
Ресейлік бапкер Сергей Инфалин жаттықтыратын Қазақстан құрамасына «Ақжайықтан» Вячеслав Горчаков, Бержан Ахметжанов, Максим Өтебалиев, Илья Глухов, Болат Мұхит, Павел Чебаков, Еламан Әліпқалиев, Андрей Гущин, Петр Грибанов, Ершат Амангелдиев, Самат Аманшин (барлығы 11 хоккейші) алынды. Сонымен қатар Ақтөбенің Хромтауынан шыққан Азат Бектұрған, Қуаныш Темірәлин, Сұлтан Қадыржановқа қоса Орал допты хоккейінің түлектері, қазіргі кезде Ресейдің суперлигасындағы «Сибсельмаш» (Новосібір) клубында өнер көрсететін Рауан Исалиев пен Норвегияның «Ховик» командасынан Ескендір Нұғманов бар.
Қазақстан құрамасы күштілердің «А» тобында 26 қаңтар күні Финляндия хоккейшілерімен күш сынасады. Содан кейін 28 қаңтарда Ресей, 30-ында Швецияның бенди шеберлерімен айдынға шығады.
Бұған дейін қазақстандықтардың әлем чемпионатында алты мәрте қола жүлдегер атанғаны белгілі.
«Қазақстан құрамасы үшін биылғы мақсат - «А» тобында қалу», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Меңдешев.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы допты хоккейден Красноярск қаласында 25-27 қаңтар күндері жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионатында да өнер көрсетеді. «Ақжайықтың» бас бапкері Николай Шавалдин жаттықтыратын бұл құраманың негізін оралдық хоккейшілер құрайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың екінші тобында ойнайтын «Ақжайықтың» Орынборда «Локомотивке» екі мәрте есе жібергенін жазған болатынбыз.