Допты хоккей: «Ақжайық» Орынбордағы екінші кездесуінде де есе жіберді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» Орынборда бүгін жергілікті «Локомотивпен» екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Екінші топта ойнайтын командалар арасындағы бұл бәсеке де тартысты өрбіді.

Бірінші таймның бел ортасынан аса бере, айдын иелерінен Егор Лобаев есеп ашты. Көп ұзамай «Локомотивтің» капитаны Дмитрий Барляев «Ақжайықтың» қақпасына белгіленген 12 метрлік айып добын дәл орындады - 2:0. Дегенмен Самат Аманшиннің пасынан кейін оралдықтар құрамындағы ресейлік легионер Сергей Пантеев есепті қысқарта алды.

Екінші таймда «Локомотивтен» Игорь Иванов есепті 3:1-ге жеткізді. Алайда «Ақжайық» та қарап қалмай, әуелі Андрей Гущин, содан кейін С.Пантеев (пас берген С.Аманшин) гол соғып, таразы басын теңестірді. Сосын С.Аманшиннің өзі (пас берген Петр Грибанов) мергендік танытып, командасын алға шығарды.

Матч соңына таман орынборлық төрешілер қонақтардың қақпасына тағы бір айып добын белгіледі, одан Д.Барляев мүлт кеткен жоқ - 4:4. Содан кейін «Локомотивтен» Андрей Усков жеңіс голын соқты - 5:4.

Николай Шавалдин жаттықтыратын «Ақжайық» 18-19 қаңтарда Оралдағы «Жастар» стадионында дәл осы «Локомотивті» қабылдайды. Демек, өз айдынында қарымта қайтаруға толық мүмкіндік бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» жаңа жылдағы алғашқы кездесуінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар