ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында Орынбордың «Локомотив» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші тайм айдын иелерінің айқын басымдылығымен өтті – 4:1.
Екінші кезеңде командалар тең түсті – 2:2. Қорытынды есеп – 6:3, «Ақжайықтың» пайдасында.
Оралдықтардан команда сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов хет-триктің авторы атанды. Орал допты хоккейінің түлектері Павел Чебаков пен Болат Мұхит, ресейлік Александр Слугин қарсыластың қақпасына бір-бірден гол енгізді. Қонақтардан Василий Смоленков, Артем Гареев және Алексей Петров мергендігімен көзге түсті.
Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Николай Шавалдин жаттықтыратын батысқазақстандық команда үшінші топта 12 ұпаймен төртінші орында келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Маяк командасын екінші рет ойсырата ұтқанын жазған едік.
Фото: «Ақжайық» СК
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).