ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті матчын Воткинскіде «Знамя-Удмуртия» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Знамя-Удмуртия» екінші топта 35 ұпаймен жекедара көш бастаса, оралдықтар (18 ұпай) алтыншы орында еді.
Бұл ойында бұрыштамадан берілген доптан кейін айдын иелерінен Евгений Черепанов есеп ашты. Содан кейін Игорь Уфандеев есепті 2:0-ге жеткізді.
Екінші таймда «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев есепті қысқартқанымен, Е.Черепанов, И.Уфандеев, Вячеслав Петров мергендігімен көзге түсті.
Осылайша «Знамя-Удмуртия» 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Жергілікті төрешілердің шешімімен «Ақжайық» хоккейшілерінің 50 минут айып уақытына кесілгенін айта кеткен жөн.
9 ақпан күні қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Қазанда екі мәрте ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).