ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Верхний Уфалейде «Никельщикпен» екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы таймда алғашқы болып «Ақжайық» сапынан ресейлік Сергей Башаев есеп ашты.
Көп ұзамай «Никельщиктен» Евгений Мехоношин таразы басын теңестірді.
Оралдық команданың сұрмергені, тағы бір ресейлік Максим Пахомов мергендік танытқанымен, айдын иелерінен Герман Альгин 12 метрлік пенальтиден мүлт кетпеді.
Екінші таймда Дмитрий Сафуллин жеңіс голын соғып кетті - 3:2. Жеңіс екінші ойында да «Никельщикке» бұйырды.
Осылайша «Ақжайық» сырт айдындарда өткізген алты матчтан 9 ұпай олжалады.
Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі бәсекелерін Оралда 22-23 желтоқсанда «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» кезекті ойында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).