ДСҰ-ға қосылу бойынша Ұлыбритания мен Өзбекстан арасындағы келіссөз аяқталды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылуы бойынша ресми Ташкент пен Лондон арасында жүргізілген екіжақты келіссөз аяқтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Бұл туралы ДСҰ мәселелері жөніндегі Өзбекстан президентінің арнайы өкілі Азизбек Урунов мәлім етті.
- Өткен айдың соңында біз Лондонда Ұлыбритания тарапымен кездесу өткіздік. Бұл келіссөздер сәтті аяқталды. Енді биыл 12 маусымда Женевада өтетін жұмыс тобының 10-шы отырысы аясында тиісті хаттамаға қол қоюды жоспарлап отырмыз, - деп хабарлады Азизбек Урунов.
Осы кезге дейін өзбек тарапы ДСҰ-ға қосылу бойынша 30-дан аса елмен келіссөз жүргізіп, сәйкесінше 24 мемлекетпен тиісті келісім жасады.
- Енді ДСҰ-ға мүше бірнеше елмен екіжақты келіссөздерді аяқтау ісі қалып отыр, - деп мәлім етті Азизбек Урунов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан ДСҰ-ға қосылу келіссөздерін биыл аяқтауға ниетті.
ДСҰ-ға қосылу бойынша өзбек тарапы былтыр АҚШ және Қытаймен арада өткен келіссөздерді қорытындылады.