Дуальді білім беру жүйесіндегі колледждер түлектерінің 78 пайызы жұмыспен қамтылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дуальді білім беру жүйесін енгізілген колледждер түлектерінің 78 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде техникалық және кәсіптік білім беру тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы елімізде 348 колледж дуальді білім берумен қамтылды. Айта кетейік, 2014 жылы бұл жүйені 280 колледж пайдаланған еді. Бұл бағытта 1712 кәсіпорын мен 22 мыңнан астам студент осы жүйеге қатысуда.

«Қазіргі кезде Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықта тіркелген деректерді ескере отырып, аталған жүйе бойынша жұмысқа орналасу деңгейі 78 пайызды құрап отыр»,-деді вице-министр.

2012 жылдан бері Қазақстанда дуальді оқыту енгізілуде. Оның негізгі ерекшелігі - білім беру теориясы мен тәжірибесі кәсіпорынмен бірге ұштасып жатыр. Кәсіпорындар қажетті мамандықтар бойынша білім беру мекемелеріне тапсырыс береді. Осы орайда студенттер оқудан алыстамастан, өндірістерде тәжірибеден өту арқылы біліктіліктерін шыңдайды.