Дуалды білім жүйесімен колледжде оқыған жастардың 68 пайызы жұмысқа тұрды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дуалды білім беру жүйесі арқылы колледжде білім алған түлектердің 68%-ы жұмыспен қамтылды. Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде дуалды білім беру жүйесімен 60 мыңнан астам студент оқып жатыр. Былтыр аталған жүйемен 11 мыңнан астам студент колледж бітірді. Соның 68 пайызы жұмыспен қамтылды. Дуалды жүйе арқылы оқыған студенттерге еңбек өтілі есептеліп, көрсетілді. Сол бойынша олар жұмысқа орналасты», - деді Ернат Жүнісов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Сондай-ақ, министрлік өкілі отандық колледждердің жабдықталу жағдайын сөз етті.

«Соңғы 2 жыл ішінде «Жас маман» жобасы арқылы 180 колледж 48 млрд теңгеге заманға сай қайта жабдықталды. Бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, басқа колледждерді де жабдықтау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Бұл мәселе халыққа білім беру ұлттық жобасына да енгізілді. Бұл жұмыс біртіндеп жалғасын табады», - дейді ол.

Бұған дейін еліміз бойынша 18 колледждің жабылғаны хабарланды.

Сондай-ақ, БҒМ брифингінде техникалық және кәсіптік білім беруге арналған мемлекеттік тапсырыстың артатыны айтылды.