Дубайда автожолы бар алып сауда орталығы салынады

Фото: Gulf News

АСТАНА. KAZINFORM – Дубайда электромобильдер жүруге арналған жолдары бар алып Dubai Square Mall кешені салынып жатыр. Жоба аяқталған кезде ол өңірдегі ең ірі сауда орталығы болады, деп хабарлайды Gulf News.

Gulf News ақпаратына сәйкес, кешеннің жалпы аумағы 2,6 млн шаршы метрді құрайды, бұл көлемімен Downtown Dubai ауданынан үш есе үлкен. Dubai Square Mall кәдімгі сауда орталығынан бөлек, «шаңырақ астындағы қала» болып жобаланған. Оның ішкі жолдарымен келушілер электромобильдермен жүре алады.

Мердігер Emaar Properties компаниясының мәліметінше, жобаның жалпы құны 180 млрд БАӘ дирхамын құрайды. Сауда орталығы Dubai Creek Harbour аумағындағы тұрғын және коммерциялық инфрақұрылымды біріктіретін ауқымды жобаның бір бөлігі болады.

Құрылыста жасанды интеллект негізіндегі заманауи цифрлық жүйелер мен жобалау құралдары қолданылады. Олар келушілердің болашақ қажеттіліктерін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Дубайда футуристік мейрамхананың шеф-повары жасанды интеллект болатыны хабарланған еді.

Сондай-ақ 2026 жылы қалада алғашқы аэротакси іске қосылмақ.