Жарияланған видеода жолаушылардың бірі ұшақтағы шабуыл жасаған адамның ұсталғанын және әуе кемесінің жақын арада қонатынын айтқан.
Дубайдан Тель-Авивке ұшқан лайнерде не болды: жолаушылар оқиғаны баяндады
АСТАНА. KAZINFORM — Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының ұшағында болған оқиғаның видеокадрлары жарияланды. Жолаушылар әуе кемесінің бортында не болғанын және ықтимал апаттың қалай алдын алғанын баяндады. Бұл туралы DW хабарлады.
Оның сөзінше, жолаушылар абдырап, үрейленген. Ал бортсеріктер салон ішінде ары-бері жүгіріп жүрген. Ұшақ қатты шайқалған. Кейін жолаушылар арасында болған оқиға туралы түрлі әңгіме тарай бастаған. Бастапқыда олардың ешқайсысы мұны теракт болуы мүмкін деп ойламаған.
Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған әуе кемесін Оман мен Біріккен Араб Әмірліктерінен шыққан ұшқыштар басқарған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың мәлімдеуінше, борттағы екі ұшқыштың бірі екіншісін пышақтап, кейін ұшақты тік құлдилауға бағыттап, апатқа ұшыратпақ болған.
Кабинадағы қақтығысты жолаушылар мен әуе кемесінің бортында болған қосалқы экипаж ұшқыштарының көмегімен тоқтату мүмкін болған.
Нетаньяху олардың ерлігін атап өтіп, көптеген адамның өмірін сақтап, ірі апаттың алдын алғанын мәлімдеді.
Ұшақ Сауд Арабиясындағы әуежайлардың біріне сәтті қонды. Бортта болған 180 адамның барлығы аман.
Бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған ұшақтың апаттық сигнал бергені және Израильдің әуеге жойғыш ұшақтарын көтергені хабарланған еді. Кейін осы рейстегі ұшқыштардың кабинада төбелескені туралы ақпарат тарады.