Дүкен сөресіндегі және кассадағы баға сәйкес келмесе не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Сөредегі және кассадағы баға сәйкес келмегенде сауда орнына айыппұл салынады. Бұл туралы AIMAQ подкастында Астана қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашев айтты.

Фото: Kazinform/ЖИ

Оның айтуынша, мұндай заңбұзушылық анықталған жағдайда сауда орнына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында айыппұл салынады.

— Кейбір тұтынушылар сөредегі және кассадағы бағаның айырмашылығын көріп, тауарды алмай кетіп қалады. Бұлай болмауы керек. Міндетті түрде сатып алып, бізге шағымдану қажет. Сауда орнына айыппұл салынғаннан кейін сөреде көрсетілген баға мен нақты төленген соманың арасындағы айырмашылық тұтынушыға қайтарылады, — деді Еркебұлан Тағашев.

Оның түсіндіруінше, шағымға бірнеше дәлелді тіркеу жеткілікті. Атап айтқанда:

  • тауардың сөредегі бағасының фотосы;
  • сатып алғанын растайтын кассалық түбіртек;
  • дүкеннің атауы мен ғимаратының фотосы.

Осы мәліметтерді жолдау арқылы тұтынушы заң бұзушылық туралы хабарлай алады.

— Біз тұтынушылардан осындай фактілер анықталса, міндетті түрде шағымдануын сұраймыз. Өйткені саудагерлерді тәртіпке келтірудің бір жолы — осындай заңбұзушылықтарға шара қолдану, — деді ол.