АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Дулат Бекбауов жартылай финалда сүрінбеді.
Әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Д.Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта тәжікстандық Шукрат Саломатовтың мысын басты.
Үш раунд ширақ қимылдаған Дулат қарсыласының алдын орап кетіп отырды. Бірінші раундта 5:0, екінші және үшінші кезеңде 4:1 есебі тіркелгенімен, жекпе-жек қорытындысында төрешілер жеңісті түгелдей Дулатқа берді.
Осылайша, Дулат Бекбауов Қазақстан ерлер құрамасынан төртінші болып финалға шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оразбек Асылқұловтың финалға өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).