Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында Қазақстан саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекеттік институттар мен басқару жүйесін жаңғыртуға жол ашқан. Сондай-ақ елдегі ауқымды өзгерістер экономикалық көрсеткіштерден де айқын байқалады. Мәселен, халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асқан.
— Ең бастысы, ел назарында адам және оның өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі тұр. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл өзгеріс 1,8 миллионға жуық азаматқа әсер етеді. Бұдан бөлек, сегіз заманауи перинаталды орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын, сондай-ақ басқа да медициналық нысандар салу көзделген. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктері де одан әрі жетілдіріледі, — деді Елші.
Бұған қоса Уәлихан Төреханов цифрландыру мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін үшінші суперкомпьютерді іске қосу, ал 2027 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған пилоттық цифрлық сауда алаңдарын құру жоспарланған. Осы бағыттағы бастамалардың бірі ретінде Орталық Азияның аграрлық нарығындағы 515 қатысушыны біріктірген Agromarket.asia платформасы аталды. Қазірдің өзінде осы алаң арқылы жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын төрт мәміле жасалған.
Елші Астанада 20 қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында жарияланған көрсеткіштерге де назар аударды. Соңғы жеті жылда елімізде азық-түлік өндірісі 28 пайыз өссе, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты екі есеге артып, 7 млрд долларға жуықтаған. Ал экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 52 пайызға жеткен. Сондай-ақ 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік алқаптарының көлемін 700 мың гектардан 1,3 млн гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Дипломат аталған мәселелердің Қазақстан мен Тәжікстанға ортақ екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру бастамасы мен Тәжікстанның мұздықтарды сақтау мәселесін халықаралық деңгейде көтеріп келе жатқанын жеткізді.
Бұдан бөлек Елші Эмомали Рахмонның 5-7 қараша күндері Қазақстанға жасаған ресми сапарының нәтижелеріне де тоқталды. Сапар барысында Астана мен Душанбе екі ел арасындағы тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу ниетін растады. Сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның бизнес-форумында жалпы құны 18,7 млн доллар болатын тоғыз құжатқа қол қойылғанын, ал B2B және B2G форматындағы кездесулер нәтижесінде 2,5 млрд доллар сомасына 25 құжат жасалғанын хабарлады.
— Қазақстан мен Тәжікстанның өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге саяси ерік-жігері де, зор әлеуеті де бар, — деп түйіндеді сөзін Уәлихан Төреханов.
Брифинг соңында Елші журналистер мен сарапшылардың сауалдарына жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін Бішкектегі Абай Құнанбайұлы атындағы мәдени орталықта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауына және қазақ-қырғыз ынтымақтастығын дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне арналған дөңгелек үстел өткені хабарланған болатын.