Джеки Чанға Сириядағы қазақстандық балаларды құтқару жөніндегі фильм көрсетілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі актер Джеки Чанға Сириядағы қазақстандық балаларды құтқару жөніндегі деректі фильм көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Джеки Чанмен оның Қазақстанда алдағы жаңа фильмін түсіру шараларын талқылай отырып, онымен бірге Сириядан қазақстандық балаларды құтқару бойынша биылдың басында арнайы қызметтермен жүргізілген «Жусан» операциясы туралы біздің фильмді қарап шықтық. Аталған операция туралы ақпарат пен фильм Джекиге қатты әсер етті. Өйткені атыс-шабыс жанрындағы фильмдерде басты рөлдерді сомдап жүрген Джеки Чан осындай операциялардың мағынасын жақсы түсінетіні анық», - деп жазды ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Instagram-дағы парақшасында.

Видеода актер мұқият зер салып аталған деректі фильмдегі көріністерді таңдана қарап шыққанын байқауға болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда белгілі актер Джеки Чанмен кездесті.

Еске салсақ, биыл қаңтарда Елбасы Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасады.

Осыған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов «Жусан» операциясы негізінде деректі, патриоттық тәрбиедегі көркем фильм түсіру туралы ұсыныс жасаған еді.