Джеки Чанның қатысуымен Маңғыстауда фильм түсіріледі

Фото: фильмнен алынған кадр

АҚТАУ. KAZINFORM – Әлемдік кино жұлдызы Джеки Чан және «Құдіретті сауыт: Ультиматум» фильмінің режиссері Роберт Кун жаңа ірі киножобаның негізгі түсірілім алаңы ретінде Маңғыстауды ресми түрде бекітті. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.

Сапар барысында киножоба өкілдері өңірдің табиғи және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен танысып, ондаған ықтимал түсірілім алаңдарын аралап, негізгі табиғи нысандарды жан-жақты зерделеген. Ұзақ келіссөз нәтижесінде бірегей ландшафттары, ауқымды панорамалары және табиғи ерекшелігі үшін «Құдіретті сауыт» фильмінің түсірілім орны ретінде дәл Маңғыстау таңдалды.

Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы

- Культке айналған фильмнің Маңғыстауда түсірілуі Қазақстанның киноиндустриясы үшін маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы еліміздің халықаралық кинематографиялық кеңістіктегі орнын нығайтып, өңірге инвестициялар тартуға, сондай-ақ креативті индустриялар мен туризм әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Аталған жобаға осындай деңгейдегі халықаралық команданың қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға, жергілікті мамандарды тартуға және Маңғыстаудың табиғи әрі мәдени мұрасын әлемдік аудиторияға кеңінен танытуға қосымша мүмкіндіктер ашады, - делінген хабарламада.

Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы

Жоба бойынша дайындық және ұйымдастыру жұмыстары белгіленген тәртіпке сәйкес жалғасатын болады.

Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы

Бұған дейін Джеки Чанның «Құдіретті сауыт» фильмінің жалғасы Маңғыстауда түсірілуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Джеки Чан Қазақстанда түсірілетін фильмнің режиссерін бекітті.