Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков (69 келі) финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы жартылай финалда 2022 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған оңтүстікккореялық Чо Сон-хёнді жеңіп кетті.
Оған дейін сауд Арабиясынан келген Осама Кандил мен тәжікстандық Рамшед Абдуллоевты қапы қалдырып кетті.
Енді ол финалда Біріккен Араб әмірлігінен Мохаммед Аль-Суваидимен кездеседі.
Аталған салмақта Серік Алдияр жартылай финалдық бәсекеде жеңіліп қалды.
Қазір ел құрамасы еншісінде 51 медаль (5 алтын, 11 күміс, 35 қола) бар. Медальдар кестесінде 13-орында тұр.
Бұл жөнінен Қытай 314 медаль алып, (169 алтын, 94 күміс, 51 қола) көш бастаған. Одан кейінгі орындар Жапония (147 медаль: 37 алтын, 51 күміс, 59 қола), Оңтүстік Корея (146 медаль: 33 алтын, 45 күміс, 68 қола) еншісінде.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.