Дзюдодан Қазақстан біріншілігі: жасөспірімдер арасында әлем чемпионы финалға дейін жетті

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде ересектер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты алғашқы жарыс күнінің жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта 2024 жылы Астанада Grand Slam әлемдік турнирінде топ жарған алматылық Ғалия Тынбаеваға тең келер ешкім болған жоқ. 

Дәл осы салмақта жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, ақтөбелік Иянат Жұбатқан сенсация жасап, финалға дейін іркілмей жетті. Иянат Жұбатқан жуырда ғана Эквадорда жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында командалық жарыста Бразилиямен бәсекеде шешуші ұпайға ие болып, жеңімпаз атанған еді. Иянат осы жолы тек соңғы бәсекеде ғана тәжірибелі қарсыласына жол берді.

Бұл салмақта түркістандық Ұлбосын Абдукаримова мен маңғыстаулық Аяулым Тұрдике қола жүлдегер атанды. 

Ал 52 келіге дейінгі салмақта финалда маңғыстаулық Меруерт Сәрсенованы жеңген Алматы облысының өкілі Аружан Ережепова жеңіс биігінен көрінді.

Батысқазақстандық Айшабибі Мұрадимова мен түркістандық Нұрбала Зайнул үздік үштікті түйіндеді.

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта соңғы белдесуде абайлық Мәди Серіковті сүріндірген қызылордалық Нұрдәулет Мейрамбековтың бағы жанды.

Тағы бір қызылордалық Мағжан Шамшадин мен шымкенттік Дильшод Миртурсын қола медальді қанағат тұтты.

Қызылордалық Ердәулет Бозжа 66 келіге дейінгі салмақта финалда батысқазақстандық Нұрсұлтан Зайзағалиевті қосымша уақытта юко әдісімен қапы қалдырды.

Ақтөбелік Данияр Қалмағамбетов пен абайлық Есентай Имаханов қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан чемпионаты 1 қыркүйек күні командалық жарыспен мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионы Фатима Сұпығалиеваның барша қазақ елін қуантқаны үшін бақыттымын деп айтқанын жазған едік. 

Сондай-ақ Айбек Имашев дзюдодан ел намысын ең мықтылар қорғайтынын мәлімдеді.