Дзюдодан Қазақстан құрамасы Grand Slam кезеңіне қатысады
АСТАНА.KAZINFORM - Дзюдодан Қазақстан құрамасы Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өтетін әлемдік Grand Slam кезеңіне қатысады.
Жаһандық дода 28-30 қараша күндері болады. Беделді бәсекеге әлемнің 53 елінен 401 спортшы келеді.
Ел құрамасынан бұл жарыста 14 татами шебері ел намысын қорғайды. Атап айтқанда, әйелдер құрамасында Әбиба Әбужақынова (48 келі), Бақыт Құсақбаева (57 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі) татамиде бақ сынайды.
Ал ерлерде Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан (60 келі), Нұрқанат Серікбаев пен Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Есет Қуанов (73 келі), Азат Күмісбай мен Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Ермахан Әнуарбеков (90 келі), Марат Байкамуров пен Нұрлыхан Шархан (100 келі), Еламан Ерғалиев (100 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын дзюдодан ел біріншілігінде аралас командалық сайыста жеңімпаз анықталды.