АСТАНА. ҚазАқпарат – Дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Хорватияның Загреб қаласында өткен Еуропа кубогінде 6 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ел құрамасы Еуропа ашық кубогінде 2 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдеге ие болып, медаль кестесінде бесінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасы сапынан Ерхан Марат (50 кг) пен Сабина Юлдашева (48 кг) жарыс жеңімпаздары атанса, Оралбек Байзақ (55 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Нұрсұлтан Ысқақов (60 кг), Еділ Ерболұлы (60 кг) мен Досбол Балғабай (81 кг) ел қоржынына үш қола жүлдені салды.
Аталған жарыс Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық додасы болып саналады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Семейде дзюдодан жастар арасында ел біріншілігі мәресіне жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).