Е. Сағадиев: Интернет Қазақстандағы білім беру инфрақұрылымының негізгі тұғырнамасы болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада халықпен есепті кездесуінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру саласында кең жолақты интернетті енгізудің оңтайлы қадамдары жайында баяндады.

«Біз мектептер мен жоғары оқу орындарын кең жолақты интернетке қосуды жоспарлап отырмыз. Биыл 2,5 мың мектепті қосамыз және тағы 1,5 мыңы алдағы үш жылда қамтылады. Біздің мақсат - 2020 жылға қарай кең жолақты интернетпен оқушылардың 90 пайызын, педагогтардың 90 пайызын және ЖОО студенттерінің 100 пайызын қамту. Болашақта интернет біздің білім беру инфрақұрылымының негізгі тұғырнамасы болады»,- деді министр.

Осы ретте Е. Сағадиев соңғы бесжылда интернет-білім саласында қуатты серпіліс болғанын айта келе, осының нәтижелерін Қазақстандағы білім беру бағытында пайдалану маңызды екенін жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, кең жолақты интернет білімнің жаңа тәртібін жаппай барша еліміз бойынша енгізуге, оқушылардың білім алу деңгейін тез арада теңестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушылар мен студенттердің әлемдік білім беру кеңістігіне жылдам ықпалдасуына жол ашады.