ЕАЭО елдерінен әкелінген карантиндік өнімдерден 121 заңбұзушылық анықталды

Фото: ҚР АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қаңтар айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі Мемлекеттік инспекция комитетінің өсімдік карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден Қазақстан аумағына карантиндік өнімдерді әкелу кезінде өсімдік карантині саласында 121 заң бұзушылық анықтады.

Карантиндік фитосанитариялық тексеру жүргізу барысында белгіленген фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмейтін карантиндік өнімдерді әкелу деректерінің жолы кесілді.
Министрлік мәліметінше, негізгі себеп – фитосанитариялық сертификаттың болмауы, ұсынылған құжаттардың талапқа сай келмеуі, таңбалаудың жоқтығы, сондай-ақ өнімді қайталама тексеруге ұсынбау.

Нақтылап айтқанда, 85 оқиға бойынша карантиндік өнім қайталама тексеруге ұсынылмаған, 11 дерек бойынша фитосанитариялық талаптар бұзылған, сондай-ақ фитосанитариялық сертификат талапқа сай емес. Сонымен қатар карантиндік нысандар анықталды және өзге де заңбұзушылықтар тіркелді.

Заңды талапты бұзған тұлғалар Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, ЕАЭО елдері контрафактілік контентке қарсы бірлескен шаралар әзірлеп жатыр.

ЕАЭО электронды коммерцияға бірыңғай ережелер енгізеді.