Брифинг барсында ол Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан өкілдерінің Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында әзірлеген Арменияның ұйымнан ықтимал шығуына қатысты баяндамасына пікір білдірді.
- Одақ елдерінің басқа бір мүше мемлекетті ұйымнан шығаруға құқығы жоқ екені анық. Мұндай мүмкіндік Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында (ҰҚШҰ) бар. Осы ретте ЕАЭО мемлекеттерінің барлығы дерлік ҰҚШҰ-ға да мүше екенін ескерсек, Арменияны неліктен оның құрамынан шығармайтыны қызық, - деді премьер-министр.
Никол Пашинян баяндамада келтірілген деректер мен жасалған болжамдарға да тоқталды.
- Біз бұл деректер мен болжамдарды әлі де зерделейміз. Біз Арменияның үздіксіз дамуын қамтамасыз ету, тәуелсіздік пен егемендікті сақтау және сыртқы байланыстарды әртараптандыруға басымдық береміз. Біз осы бағыттағы саясатымызды жалғастырамыз, - деді Армения үкіметінің басшысы.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан өкілдерінің Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында дайындаған бірлескен баяндамасы жарияланды. Онда Арменияның ЕАЭО-дан шығуы ел экономикасына қалай әсер етуі ықтимал екені жайлы болжам жасалған.