Байқауға әлемнің 20 елінен өнерпаздар қатысты. Ең жас қатысушылардың бірі болған Жасмина дәстүрлі және этникалық музыка саласындағы тәжірибелі орындаушылармен қатар өнер көрсетіп, байқау қорытындысы бойынша күміс жүлдеге ие болды.
Жас әнші халықаралық сахнада Е.Тілепбердиевтің сөзіне, Б.Тәжіновтың музыкасына жазылған «Ұлы дала иесі» әнін орындады. Ұлы даланы, ұлттық мәдениет пен рухани мұраны арқау еткен туындыға халықаралық қазылар алқасы жоғары баға берді.
Echo of Nomads байқауы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтті. Биыл ойындарға 120 елдің өкілдері қатысып, соның ішінде 62 мемлекет мәдени іс-шараларда өнер көрсетті. Спорттық жарыстармен қатар, бағдарламада этномәдени жобалар, ғылыми алаңдар мен халықаралық шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.
Айта кетелік «Гүлдер» ансамблі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының «Этно-би» байқауында Гран-при иеленген еді.