Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында егін жинау жұмыстары толық аяқталды. Ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында астықтың 95%-дан астамы жиналды.
- Қазіргі уақытта егін жинау жұмыстарының басым бөлігі негізгі астық егетін өңірлерде жүргізіліп жатыр. Жалпы, науқан ұйымдасқан түрде өтіп, қазір аяқталу кезеңінде, – деді Азат Сұлтанов.
Вице-министрдің мәліметінше, биыл егін жинау жұмыстарына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және 130 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылды. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында сатып алынған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2,3 мың комбайн егін жинау жұмыстарына қатысып жатыр. Бұл қолданыстағы тракторлар мен комбайндар паркінің шамамен 10%-ын құрайды.
- Техника паркін жаңартуға, ең алдымен, отандық техника өндірушілерін қолдауға бағытталған инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары айтарлықтай ықпал етті. Нәтижесінде техника паркінің тозу деңгейі 70%-ға дейін төмендеп, оны жаңарту деңгейі 6,5%-ға жеткізілді. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күнге 268 мың тоннасы немесе бөлінген көлемнің 67%-ы жөнелтілді. Сонымен қатар, егін жинау кезеңіндегі жауын-шашынды ескере отырып, астықты кептіруге қосымша 41,3 мың тонна дизель отыны бөлінді, - деді ол.
Бұған дейін биыл қуаңшылыққа қарамастан астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болатынын жазған едік.