Сервис өткен жылдың жазында іске қосылған болатын. Арнайы батырма арқылы пайдаланушылар құқық бұзушылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, балаға қатысты оқыс жағдай және қоғамдық тәртіпті бұзудың басқа да деректері туралы полиция бөліміне бармай-ақ, қоңырау шалмай-ақ, жедел хабарлама жібере алады.
Хабарлама бірден полицияға түседі, бұл азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
— Биылғы жылдың төрт айында сервис арқылы 34 153 хабарлама келіп түсті, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстанның құқық қорғау жүйесі цифрландырудың жаңа деңгейіне көшті. Бүгінде еліміз бойынша 1,6 миллионнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істесе, оның едәуір бөлігі жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған.