Егістікті киіктерден қорғау: төрт облыста қосымша инспекторлар алынады
АСТАНА. KAZINFORM — Киік санын реттеу мәселесі көтерілмейді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.
Бүгін Сенатта экожүйені ұтымды пайдалану тақырыбындағы отырыста депутат Жанболат Жөргенбаев киік және егіс алқаптары мәселесін көтерді.
- Киік популяциясын реттеу мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінде тұр. Оның экономикалық әрі әлеуметтік аспектісі де өте маңызды. Атап айтқанда, қазір киіктің популяциясы ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер мен жергілікті тұрғындар үшін белгілі бір қиындықтарды тудырып отыр. Сондықтан нақты шешім қабылдау керек. Министрлік киік популяциясын тұрақты басқару және оны тиімді пайдалану үшін қандай нақты шара қабылдап жатыр?, - деп сұрады сенатор.
Өз кезегінде Е. Нысанбаев 2021 жылдан бері Үкіметтің іске асырып жатқан шараларының арқасында 4 млн-нан астам киік бар екенін айтты. Осыған байланысты инспекторлар саны көбейтіледі.
- Киік саны өскен сайын, киіктің жайылуы тұрғысында біраз мәселе пайда болды. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысындағы егіс алқаптарын қорғауға екпін қойдық. Биыл мамандар санын көбейтіп, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарына қосымша инспекторлар алып, ауыл шаруашалығы жерлерін қорғау жұмыстарына назар аударамыз. Биыл киік санын реттеу мәселесін көтермейміз, тек егіс алқаптарын қорғаумен айналысамыз, - деді министр.
Айта кетейік, 2023 жылы ел аумағында 42 мың бас киік атылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес киіктерді атуға тыйым салынды.
Бұған дейін Ерлан Нысанбаев 2025 жылы киік саны 4,5 млн бастан асатынын айтқан еді.
Сонымен қатар, елдегі егін аумақтарын киіктерден қорғау үшін тиісті шаралар жүргізіледі.
Бұл тұрғыда Қазақстан киіктерді жазда көшіру үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатқаны мәлім болды.