«Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың барлық органдарына қауіпсіздік шараларын күшейту, оның ішінде шатырға кіруді шектеу жөнінде хат жолдады», — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, бөлім аудан әкімдіктерімен, үгіт-насихат жетекшілерімен және белсенді тұрғындармен бірге шатырға кіруге шектеуді тексеру үшін көпқабатты тұрғын үйлерді аралауды бастады.
Тексеру нәтижесі актіде тіркеледі.
«Бұдан былай шатырға басқарушы компанияның рұқсатымен ғана кіруге болады», — деп қосты әкімдіктегілер.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде екі қыздың көпқабатты үйдің шатырынан құлап көз жұмғаны жайлы ақпарат тараған еді. Бұл факті бойынша Алмалы аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.
Сондай-ақ қайғылы оқиғаға орай Алматының білім басқармасы мәлімдеме жасады.
«Білім басқармасы тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тарта отырып, істің бүкіл мән-жайын зерделеу жөніндегі комиссия құрды» делінген хабарламада.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат айтылмайды.