Қылмыстық іс Жылыой аудандық сотында қаралып жатыр. Қария сотта ұлының әрекетін егжей-тегжейлі айтып берді.
— Тас төбемнен ұра берді. Алдымен қолымен, кейін қалың скотчпен ұрды. Маған күн көрсетпейтін болды. Екі сағат сайын келіп ұрады. Басқа жерімнен емес, үнемі тас төбемнен соққы жасайды. Ойы — қылмыс жасап алып, мені кемтар қылу болған сияқты. Сағат сегізден түнгі төртке дейін қамауда болдым. Қол-аяғымды скотчпен байлады, — деді Әділхан Сисенов.
Оқиға биыл маусым айында болған. Қарт адам мүмкіндік туған сәтте үйден қашып кеткен. Кейін ол жақын туысының үйіне барып, болған жайтты баяндаған. Осыдан кейін жағдай қоғам назарын аударып, кенже ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қарияның айтуынша, ұлының соққысынан кейін денсаулығы күрт нашарлаған. Ол басынан алған жарақаттардың салдарынан инсульт болғанын айтады. Сондай-ақ киім-кешегін де өзіне бермей қойғанын жеткізді.
Сот процесі басталған тұста жәбірленушінің денсаулығы сыр берді. Қыркүйек айында дәрігерлер оған микроинсульт диагнозын қойған. Туыстары оның жағдайына алаңдап, күтіміне ерекше көңіл бөлген. Нәтижесінде ақсақалдың денсаулығы біртіндеп жақсарған.
Айыпталушы — жәбірленушінің 47 жастағы кенже ұлы. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (Дәрменсіз күйдегі немесе өзіне материалдық не басқа жағынан тәуелді адамды ұрып-соғу)бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр.
Еске салайық, мұндай жағдай былтыр Түркістан облысында да болған еді. 41 жастағы ер адамға 70 жастағы мүгедек әкесін тірі кезінде бірнеше рет ұрып-соғып, қинады деген айып тағылған. Кейін оның кінәсі дәлелденіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.