Екібастұз кеніштерінде көмір жанып жатыр: кәсіпорындарға айыппұл салынды

Фото: Видеодан алынған скрин

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысының экология департаменті өңірдегі төрт көмір кенішінде көмірдің үнемі қызып, жану деректерін растады. Компанияларға жалпы сомасы 3 млн теңгеге жуық айыппұлдар салынды. 

Өңірлік экология департаментінің мамандары тұрғындардың шағымы бойынша бірнеше кенішті тексеріп, экологиялық талаптардың бұзылуын анықтаған.

— Екібастұздағы «Богатырь», «Шығыс», «Ангренсор Энерго» және Баянауыл ауданындағы «Майкөбе» көмір кеніштеріне экологиялық тексеру жүргізілді. Тексеру барысында көмір кеніштеріндегі көмірқұрамды жыныстардың өздігінен қызу ошақтары анықталды. Мұндай жайттардың алдын алу шараларының орындалмауы атмосфералық ауаға ластаушы заттардың бөлінуіне әкеп соққан. Бұл — табиғатты пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың бұзылуы. Бұған қоса қоршаған ортаға эмиссияларға берілген рұқсат шарттары толық көлемде орындалмаған, — дейді экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.

Тексеру қорытындысы бойынша кеніш иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, «Богатыр Көмір» ЖШС-не — 680 мың, «ЕЭК» АҚ-ға («Шығыс» кеніші) — 889 мың, «Ангренсор Энерго» ЖШС-не — 702 мың, «Майкөбен-Вест» АҚ-ға 658 мың теңге айыппұл салынған.

— Кәсіпорындарға көмірқұрамды жыныстардың өздігінен қызу ошақтарын оқшаулау және жою бойынша техникалық іс-шаралар жоспарын белгіленген мерзімде әзірлеп, іске асыру туралы нұсқама берілді. Нұсқаманың орындалуы экология департаментінің бақылауында тұр, — деп қосты департамент өкілі.

Бұған дейін Екібастұз тұрғындары кеніштегі көмірдің үнемі жанып жататындығына шағымданған болатын. Адамдар кеніштегі улы түтінді жұтып жұмыс істеуге мәжбүр. Ал кәсіпорын қосымша зиян үшін мардымсыз төлемақы беріп отыр