Екібастұзда алаяқтық әрекеттерге қатысқан екі жасөспірім ұсталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Қос студент SIM-карталары мен WhatsApp аккаунттарын алаяқтарға жалға беріп келген. Келтірілген жалпы шығын 12 миллион теңгеден асқан.
Биылғы қыркүйек айында облыс және Екібастұз қаласы аумағында азаматтардың қаржысын қашықтан жымқырудың екі дерегі тіркелген.
– Алаяқтар WhatsApp қосымшасы арқылы тұрғындарға қоңырау шалып, өздерін түрлі мемлекеттік және қаржы ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Жеке деректерді қорғау мен киберқылмыстың алдын алу сылтауымен азаматтарды алдап, қолжетімділік кодтары мен банк деректерін иемденген. Келтірілген жалпы шығын 12 миллион теңгеден асты, - дейді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Бұл қылмыстық схемаға өз SIM-карталары мен WhatsApp аккаунттарын жалға беріп, қашықтан табыc табуды мақсат еткен колледж студенттері тартылған. Төлем криптовалютамен жүргізілген.
– Жедел іс-шаралардың нәтижесінде өз нөмірлерін пайдалануға берген екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Олардың қолынан 70-тен астам SIM-карта мен мобильді құрылғылар тәркіленді. Схемада пайдаланылған 100-ден астам абоненттік нөмір анықталды. Қазіргі уақытта аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп атап өтті департамент өкілі.
Еске сала кетейік, Павлодарда прокуратура қызметкеріне қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр