Екібастұзда бір тәулікте 85 құқық бұзушылық тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Екібастұзда бір тәулікте 85 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Өткен тәулікте Екібастұз қаласында полицейлер 85 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты.

Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн сайын кезекшілікке түседі. Негізгі назар криминогендік ахуалы күрделі аумақтар мен тұрғындар көп шоғырланатын орындарға аударылады.

Полиция мәліметінше, патрульдік қызмет тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындармен тұрақты байланыста болады. Инспекторлар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылаумен қатар, оқиғаларға жедел әрекет етеді, қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалайды және қылмыстарды ізін суытпай ашуға үлес қосады.

Тәулік ішінде тіркелген 85 құқық бұзушылықтың 75-і жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты. Олардың қатарында белгіленген жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту және көлікті мас күйінде басқару деректері бар.

— Мәселен, Екібастұз қаласындағы Абай көшесінде полицейлер Mazda-626 автокөлігін тоқтатқан. Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны расталды. Осындай құқық бұзушылыққа мотоцикл жүргізушісі де жол берген. Екі көлік те арнайы тұраққа қойылып, тиісті материалдар сотқа жолданды, — деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Руслан Сүлейменов.

Полиция өкілдері өңірде құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидаты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Бұдан бұрын Екібастұзда 40-қа жуық малды ұрлады деген күдікпен төрт адам ұсталғанын жазғанбыз.